
ЖИНАҚЫ МӘТІН ҚҰРУ
Сабақ № 27-28
Оқу мақсаты:
- 5.3.5.1 оқылым және тыңдалым материалдары бойынша негізгі ақпараттарды сақтай отырып, жинақы мәтін жазу
- 5.4.4.4 сан есімнің мағыналық түрлерін ажырата білу, сан есімді зат есім орнына қолдана білу
Бағалау критерийі:
- оқылым материалы бойынша негізгі ақпараттарды сақтай отырып, жинақы мәтін жазады;
- сан есімнің мағыналық түрлерін ажыратады, сан есімді зат есім орнына қолданады.
Дескриптор:
- оқылым материалы бойынша жинақы мәтін жазады;
- оқылым материалы бойынша негізгі ақпараттарды сақтап жазады;
- жинақы мәтін талаптарын (мазмұндық өңдеу, мәтінге тілдік өзгерістер енгізу) сақтайды;
- сан есімнің мағыналық түрлерін ажыратады, сан есімді зат есім орнына қолданады.
Жинақы мәтін дегеніміз - оқырманның түсінуіне ыңғайлы етіп құрылған бастапқы мәтіннің ықшамдалып (сығымдалып) берілуі. Ықшамдау барысында мәтіннің негізгі мағыналық-құрылымдық бірлігі сақтала отырып, оқырман үшін басы артық элементтер алынып тасталады. Жинақы мәтін - негізгі мазмұн сақталған екіншілік өңделген мәтін.
- Мәтінді толықтай түсіне отырып, мәтіндегі негізгі ойды басқа формамен қысқаша бекіту үрдісі.
- Түпнұсқа мәтін жинақы мәтінге айналады.
- Тыңдалым және оқылым материалдары негізінде жүргізіледі.
Жинақы мәтін жазудағы мақсат – оқырманды мәтін мазмұнының негізгі идеясымен таныстыру және түпнұсқаны оқуға кететін уақытын үнемдеу.
Жинақы мәтін формалары:
- Тезис
- Аннотация
- Презентация
- Конспект
- Кесте
- Схема
- Тезистік жоспар
- Ықшамдалған мәтін
Жинақы мәтін құрастыру жолдары: (Мазмұндық өңдеу:)
- Мәтінді мұқият оқу және негізгі, қосымша ақпараттарды анықтау; қосымша ақпараттарды сызып тастау.
- Негізгі ойды білдіретін тірек сөздерді, сөйлемдерді белгілеу.
- Автор ойын, баяндау желісін сақтай отырып, мәтіндегі негізгі ойды ықшамдау.
- Мәтін түпнұсқасының сілтемесін көрсету. Мысалы: Абай айтқандай..., «Ұлан» газетінде ..., Мақалада «.....» берілген, т.б.
Мәтінге тілдік өзгерістер енгізу:
- Алынған ақпаратты барынша қысқа беру үшін лексикалық, грамматикалық бірліктерді дұрыс таңдай білу. Мысалы:
- Қайталауларды жалпылауыш сөздермен алмастыру;
- Сөздерді синонимдермен алмастыру;
- Бірнеше жай сөйлемді бір құрмалас сөйлемге немесе құрмалас сөйлемдерді жай сөйлемдерге айналдыру.
- Жинақы мәтін түпнұсқа мәтіннен 75 % дейін қысқа болады.
- Егер кітап болса, түпнұсқа мәтіні 99% ықшамдалады.
- Өз ойын жинақы мәтінге қосуға болмайды. Жинақы мәтін тек автор идеясынан ғана тұруы керек.
ҮЛГІ:
Түпнұсқа мәтін
Ұлттық киімнің негізгі құрамдас бөлігі ретінде бас киім аса ерекше көрінеді. Әдетте бас киім әйелдер және ерлер бас киімі деп бөлінеді. Ерлер бас киіміне қалпақ, бөрік, тымақ, құлақшын, жалғабай, кепеш, жапетер, тақия, қырпу жатады. Ерлердің және әйелдердің бірқатар бас киімі киізден дайындалған. Әйелдер бас киімі – желек және шалма, екеуі де ақ матадан тігілген. Әйелдердің бас киімдері: бергек, бөрік, жаулық, желек, жырға, кимешек, күндік, орамал, қарқар, сәукеле, тақия, шәлі, қасаба, бүркеніш, шылауыш. Әсіресе, әйелдерге арналған бас киімдер құрастырылуының күрделілігімен және безендірілуімен ерекшеленеді.
https://qarmaqshy-tany.kz/kogam/4402-ltty-kimder-haly-azynasy.html
Жинақы мәтін
Бас киім ұлттық киімге жатады. Бас киім әйелдер және ерлер бас киімі деп бөлінеді, олардың көбі киізден жасалған. Әйелдер бас киімі ерекше безендіріледі.
Тапсырма:
- Оқылым мәтіні бойынша негізгі ақпараттарды сақтай отырып, жинақы мәтін жазыңыз. Сан есімді зат есім орнына қолданыңыз, сан есімнің мағыналық түрлерін ажыратыңыз, төмендегі кестені толтырыңыз. Жұбыңызбен алмасып, оның жұмысын тексеріңіз, дескриптор бойынша кері байланыс беріңіз.
Түпнұсқа мәтін
Сыралғы
шешімі Қазақта аң аулау – үлкен мереке болған. Бірақ аң аулаудың қанша қызығына түскенмен, ерекше белгілері байқалған аңдарды атпаған. Әсіресе, мола басына жақын жерде жүрген жан-жануарларға тиіспеген. Өйткені әр аңның киесінен қорыққан. Ал қанжығаларын майлап, аң аулаудан қайтқан аңшы өзіне «Майлансын» деп айтқан адамға ойланбастан атып алған аңын сыйға тартқан. Аңшының сыйын «сыралғы» деп атаған. Ал қақпанға түскен аңды алу ұрлыққа жатпаған. Бірақ орнына бір зат қалдырып кету керек екен.
https://informburo.kz/kaz/azaty-anday-salt-dstrler-satalmay-alan.html
Сабақ № 29-30
Оқу мақсаты:
- 5.3.5.1 оқылым және тыңдалым материалдары бойынша негізгі ақпараттарды сақтай отырып, жинақы мәтін жазу
- 5.4.4.3 сын есімдердің, шырай түрлерінің көркемдік ерекшелігін тану, сын есімді зат есім орнына қолдана білу
Бағалау критерийі:
- тыңдалым материалы бойынша негізгі ақпараттарды сақтай отырып, жинақы мәтін жазады;
- сын есімдердің, шырай түрлерінің көркемдік ерекшелігін таниды, сын есімді зат есім орнына қолданады.
Дескриптор:
- тыңдалым материалы бойынша жинақы мәтін жазады;
- тыңдалым материалы бойынша негізгі ақпараттарды сақтап жазады;
- жинақы мәтін талаптарын (мазмұндық өңдеу, мәтінге тілдік өзгерістер енгізу) сақтайды;
- сын есімдердің, шырай түрлерінің көркемдік ерекшелігін таниды, сын есімді зат есім орнына қолданады.
- «Төрт түлік» тақырыбында тыңдалым мәтіні бойынша негізгі ақпараттарды сақтай отырып, жинақы мәтін жазыңыз. Жинақы мәтінде сын есімдерді, шырай түрлерін орынды қолданыңыз, сын есімді зат есім орнына алмастырып жазыңыз. Жұбыңызбен алмасып, оның жұмысын тексеріңіз, дескриптор бойынша кері байланыс беріңіз.