
«Негізгі орта білім беру деңгейіндегі «Қазақ тілі» пәнін оқыту: «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасы функционалдық-коммуникативтік бағытқа негізделіп құрастырылған. Ол оқушылардың тіл туралы түсініктерін тереңдетіп, ұлттық мәдениет пен әлемдік мәдениеттің маңыздылығы туралы түсініктерін кеңейтеді. «Қазақ тілі» пәнінің оқу бағдарламасы білім алушыға қазақ тілін ана тілі ретінде тілдік қатынас және таным құралы ретінде оқытуды, сөз, сөз тіркесі, сөйлемнің мәтін түзімдік қызметін танытуды, тілдік бірліктердің табиғатына сай мәтін құратуды, мәтін құратудағы заңдылықтарды үйретуді, тілдік жағдаяттарда ауызша және жазбаша сөйлеудің нормаларын меңгертуді, әсерлі сөйлеудің лексика-грамматикалық тәсілдерін меңгертуді көздейді.
әдістемелік нұсқау хат
«Қазақ тілі» оқу пәнін оқытудың негізгі міндеттері:
- өмірлік қажеттіліктерінде коммуникативтік әрекеттер түрінде (тыңдалым/айтылым, оқылым, жазылым) сауаттылықпен қолдану дағдыларын қалыптастырады;
- тіл бірліктерінің қарым-қатынас құралы болу, ойды білдіру, таным құралы болу, ақпаратты сақтау құралы болу қасиеттерін функционалдық-коммуникативтік бағдарда танып біледі, соған лайықты машықтар мен дағдыларды қалыптастырады;
- тіл сауаттылығы мен сөйлеу сауаттылығын, сөз байлығын, басқалармен еркін қарым-қатынасқа түсу;
- мәтіндерге қойылған мақсатқа сәйкес қорытынды, синтез, анализ жасау дағдыларын қалыптастыру
Жазылым дағдысына тән ерекшеліктер:
- тақырыбы (мазмұны), яғни, ұсынылған тақырыптан ауытқымау,
- мазмұнын толық жеткізу;
- стильдік құрылымы, яғни,стильдік және жанрлық ерекшелікті ескеру;
- ӘТН-ға сәйкестігі, яғни, әдеби тілдік норманы ұстану.
Жазылым үрдісінің тиімді моделі:
- 1-қадам – жоспарлау;
- 2-қадам - алғашқы нұсқасын ұсыну;
- 3-қадам – қайта қарастыру;
- 4-қадам – түзету және редакциялау;
- 5-қадам – соңғы нұсқасын ұсыну.
Жалпы жазба жұмыстарының мазмұны мен мақсатына қарай түрлері:
- дербес жазылым;
- нанымды жазылым;
- ақпараттық жазылым;
- шығармашылық жазылым.

Дербес жазылым – жазушының жеке тәжірибесі мен сезімін көрсететін, бірінші жақты көзқарасты қолданатын, баяндаудың басы, ортасы, аяғы қызықты құрылымды болып келетін, оқиға орны мен реті логикалық тізбекте берілетін, уақытты көрсететін сөздер мен оқиғалар ауысу тәртібі байыппен баяндалатын жазылым түрі.
Дербес жазылым түрлері: хат, монолог, өмірбаян, күнделік.
Дербес жазылымға келесі сипаттар тән:
- жазушының тәжірибесі мен сезімін көрсетеді;
- бірінші жақты көзқарасты қолданады;
- баяндаудың басы, ортасы, аяғы қызықты құрылымды болып келеді;
- оқиға орны мен реті логикалық тізбекте беріледі;
- уақытты көрсететін сөздер мен оқиғалар ауысу тәртібі байыппен баяндалады.

Нанымды жазылым – нақты тақырып бойынша айқын пікір айтатын, пікір нанымды себептер мен дәлелдермен негізделетін, келтірілетін себептер мен дәлелдер логикалық тәртіппен берілетін, аудиторияны сендіру басты талап болатын, арнайы пікірді білдіретін сөздік қор көбірек қолданылатын жазылым түрі.
Нанымды жазылым түрлері: жарнама, рецензия, ашық хат, ұсыныс, комментарий,эссе.
Нанымды жазылымға келесі сипаттар тән:
- нақты тақырып бойынша айқын пікір айтылады;
- пікір нанымды себептер мен дәлелдермен негізделеді;
- себептер мен келтірілген дәлелдер логикалық тәртіппен беріледі;
- аудиторияны сендіру басты талап болып табылады;
- арнайы пікірді білдіретін сөздік қор көбірек қолданылады.

Ақпараттық жазылым – тақырып бойынша маңызды мәліметтерді нақты беретін, әртүрлі дерекөздерден алынған ақпаратты қолданатын, әртүрлі дерек пен мәліметтерге сүйеніп, қорытынды шығаратын, деректер мен мәліметтер жүйелі берілетін жазылым түрі.
Ақпараттық жазылым түрлері: хабарландыру, бұйрық, есеп, хабарлама, нұсқаулық, жаңалық, баяндама, шақыру, сұхбат.
Ақпараттық жазылымға тән сипаттар:
- тақырып бойынша маңызды мәліметтерді нақты береді;
- әртүрлі дерекөздерден алынған ақпаратты қолданады;
- әртүрлі дерек пен мәліметтерге сүйеніп, қорытынды шығарады;
- деректер мен мәліметтер жүйелі беріледі.

Шығармашылық жазылым – шығармашылық тұрғыда жазылған, идея және стильден шығармашылық мінез көрінетін, жұмыс барысында өте көркем және әсерлі сөздер таңдалып қолданылған, әсерді жақсарту үшін сәйкестендірілген құрылым қолданылған; кейіпкерлері мен сюжеті жанды суреттеліп, оқиғалар реті жымдасып, оқырманды қызықтыратын жазылым түрі.
Шығармашылық жазылым түрлері: әңгіме, ертегі, сценарий, сахналық сөз.
Шығармашылық жазылымға тән сипаттар:
- жазылым өте шығармашылық тұрғыда жазылған. Идея және стильден шығармашылық мінез көрінеді;
- жұмыс барысында өте көркем және әсерлі сөздер таңдалып қолданылған;
- әсерді жақсарту үшін сәйкестендірілген құрылым қолданған;
- кейіпкерлері мен сюжеті жанды суреттеліп, оқиғалар реті жымдасып, оқырманды қызықтырады.
Идеяны жеткізе білуге қатысты дағдылар
- стильді дұрыс таңдай білу,
- идеяларды жүйелі ұйымдастыра білу,
- мәтін түрлерінің ерекшеліктерін қолдана білу және мағынасын жеткізе білуде қажетті функцияларды пайдалана білу. Мысалы: баяндау, шағымдану, өтініш білдіру, алғыс айту, қысқарту (бірнеше сөздермен негізгі идеяларға тоқталу), қорытындылау.
Сауаттылыққа қатысты дағдылар
- орфографиялық қатесіз жазу,
- әріптерді дұрыс және қосып жаза білу,
- пунктуацияны дұрыс қолдану,
- қағаз бетіне дұрыс орналастыра білу,
- сөздерді дұрыс таңдай білу,
- грамматиканы дұрыс қолдану,
- сөйлемдерді дұрыс байланыстыра білу,
- абзацты (жаңа азат жолдан басталған, бір идеяға ғана негізделген көлемділеу жазылым бөлігі) дұрыс ұйымдастыра білу.