
ХАБАРЛАНДЫРУ
Сабақ № 9-12
Оқу мақсаты:
- 5.3.2.1 жанрлық ерекшеліктеріне сай ресімделуі мен құрылымын сақтап хабарландыру құрастырып жазу;
- 5.4.3.1. омоним, антоним, синонимдерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолдану
Бағалау критерийі:
- жанрлық ерекшеліктеріне сай ресімделуі мен құрылымын сақтап хабарландыру құрастырып жазады;
- омоним, антоним, синонимдерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады.
Дескриптор:
- хабарландыруды берілген тақырыпқа сай жазады;
- хабарландыру құрылымын сақтайды;
- негізгі ақпаратты көрсетеді (белгілі бір іс-шараның болатындығын хабарлайды);
- қосымша ақпараттарды көрсетеді (іс-шараның мерзімі, мекені, ұйымдастырушысы)
- ресімделуін сақтайды (тақырыптың ортаға жазылуы, азатжолдардың сақталуы);
- 2 омонимді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады;
- 1 синонимдік қатарды көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады;
- 1 антонимдік жұпты көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады.
Хабарландыру – белгілі бір іс-шараның болатындығын хабарлау, уақыты, орны, ұйымдастырушысы көрсетілетін жазба жұмысының түрі.
Хабарландыру түрлері:
Пайдалану бағытына байланысты екіге бөлінеді:
- Жарнамалық хабарландыру – ақы, пайда табу мақсатында жазылған мәтін. Мысалы, біреу үй сатамын, көлік сатамын деп жазса, жарнамалық хабарландыру болады, себебі пайда табу көзделген.
- Ақпараттық хабарландыру – ақы табу көзделмеген хабарландыру түрі. Мысалы, мектепте ата-аналар жиналысы өтетіндігі жайлы хабарландыру жазылса, ақпараттық хабарландыру болады.
Хабарландыруда 2 ақпарат болады.
- Негізгі ақпарат. Ол не? деген сұраққа жауап береді.
- Қосымша ақпарат. Ол қайда? қашан? деген сұрақтарға жауап береді.
Хабарландыру құрылымы:
- Кіріспе бөлімде жұршылықтың назарын аударатын сөйлем жазылады.
- Негізгі бөлімде хабарландыру мәтіні (белгілі бір іс-шараның болатындығы, уақыты, орны жөнінде ақпарат беріледі)
- Қорытынды бөлімде қосымша ақпараттар беріледі (ұйымдастырушысы көрсетіледі).
Жарнамалық хабарландыру үлгісі:
Құрметті қала тұрғындары!
Құрметті қала тұрғындары!
Екі-үш ай бойы семіртілген семіз жылқы етін сатамыз. Құны – 320000 мың теңге.
Байланыс телефоны: 8-708……… Сұлтан
Ақпараттық хабарландыру үлгісі:
Құрметті Петропавл қаласының тұрғындары!
2020 жылдың 18 қарашасында сағат 15.00 – 16.00 уақыт аралығында Петропавл қаласының Аяған Шәжімбаев көшесінде Ақтөс атты 3 айлық күшік жоғалды. Түсі – ақшыл. Төсі мен аяғында қара жолақтары бар.
Күшікті көрген адамдар болса, мына телефон нөміріне хабарласуларыңызды өтінеміз. 8-777…….. Жандос
Ақпараттық хабарландыру үлгісі:
Құрметті оқушылар!
Бүгін, наурыздың 20-сы, акт залында сағат 15.00-де Наурыз мерекесіне арналған «Қош келдің, Наурыз» атты мерекелік концерт өтеді.
Ұйымдастырушылар: қазақ тілі мұғалімдері