
ЖАРНАМА ҚҰРУ
Сабақ № 3-6
Оқу мақсаты:
- 5.3.2.1 жанрлық ерекшеліктеріне сай ресімделуі мен құрылымын сақтап, жарнама құрастырып жазу;
- 5.4.3.1 тура және ауыспалы мағыналы сөздерді, көп мағыналы сөздерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолдану
Бағалау критерийі:
- жанрлық ерекшеліктеріне сай ресімделуі мен құрылымын сақтап, жарнама құрастырып жазады;
- тура және ауыспалы мағыналы сөздерді, көп мағыналы сөздерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады.
Дескриптор:
- жарнаманы берілген тақырыпқа сай жазады;
- жарнаманың құрылымын сақтайды;
- жарнаманың ресімделуін сақтайды (бөлімдердің азат жолдан жазылуы);
- кіріспеде риторикалық сұрақтар қояды;
- негізгі бөлімде өнім шығарушының қызмет түрлері туралы ақпарат береді;
- қорытынды бөлімде қосымша ақпараттар беріледі;
- жарнама мәтінінде оқырманның назарын аударатын лепті сөйлемдерді қолданады;
- жазба жұмысының көлемін сақтайды;
- тура мағыналы сөздерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады;
- ауыспалы мағыналы сөздерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады;
- көп мағыналы сөздерді көркемдік ерекшеліктеріне сай қолданады.
Жарнама дегеніміз – тауарлар мен қызметтердің сатылуын арттыру үшін қолданылатын іс-әрекеттер. Жарнаманың көмегімен компаниялар өздерінің тауарлары мен қызметтерінің сатылуын едәуір арттыра алады.
Жарнаманың негізгі түрлері:
- Теледидардағы жарнама — теледидарда қысқа бейнероликтерді көрсету көмегімен жүзеге асырылады. Жарнаманың бұл түрі ең қымбат әрі әсері ең көп болады. Сондықтан жарнаманың бұл түрін, негізінен, ірі компаниялар қолданады.
- Газет пен журналдағы жарнама — жарнаманың бұл түрі ең көне түрлерінің бірі болып есептелінеді. Газет пен журналдағы жарнаманың құны жарнаманың ауданымен есептелінеді.
- Баннерлер — көшедегі арнайы орындарда плакаттардың үстіне жазылатын орын.
- Интернеттегі жарнама — интернетке қосылған құрылғыларда көрсетілетін жарнама.
Жарнама мақсаттары:
- Тұтынушылардың назарын аудару;
- Жұртшылықты белгілі бір өніммен таныстыру;
- Тауардың тиімділігіне көзін жеткізу;
- Өнім шығарушының жақсы жақтарын көрсету.
Жарнаманың ерекшелігі:
- Насихаттылығы (үндеу түрінде болады. «Біз», «біздің» сөздерінің орнына «сен», «сіз» сөздері қолданылады);
- Тартымдылығы (мәтін қызықты, креативті құрылуы қажет);
- Түсініктілігі, лексикалық қарапайымдылығы (сөздері қарапайым, түсінікті болуы шарт);
- Ықшамдылығы (сөйлемдері қысқа болады);
- Нақтылығы (нақты ақпараттар беріледі).
Жарнаманың құрылымы:
- Кіріспе бөлімде жұршылықтың назарын аударатын сөйлем жазылады.
- Негізгі бөлімде үндеу, насихат мәтіні (белгілі бір өніммен таныстыру, оның жақсы жақтарын, тиімділігін көрсету)
- Қорытынды бөлімде қосымша ақпараттар беріледі (байланыс нөмірі, т.б.).
ҮЛГІ:
Құрметті Петропавл қаласының тұрғындары мен қонақтары!
Заманауи сән үлгілерін кигіңіз келе ме? Сапалы киінгенді қалайсыз ба?
Қаламыздың нәзік жандылары үшін «Талғам» деген киім дүкені ашылды. Дүкенімізде теріден және мақтадан жасалған тек отандық өнімдер сатылады. Еліміздің күрт құбылмалы ауа райына бейімделіп тігілген отандық киімдердің сапасы өте жоғары. Мұнда жауынды күз бен аязды қысқа арналған аяқ киімдер мен киімдердің 30 түрлі топтамасы бар. «Талғам» дүкенінде стильді әрі сәнді, жаңа киімдер көздің жауын алады. Күнделікті өте тиімді науқандар. Бірінші сатып алушыларға жеңілдік беріледі. Жаңа өнімдердің үлкен таңдауы. Сапа кепілдігі. Қазақстан бойынша тегін жеткізу! Экологиялық таза шикізаттан жасалған киім алғыңыз келсе, біздің дүкенге келіңіз. Біз сіздерді «Талғам» дүкенінде күтеміз!
Қосымша ақпарат алғыңыз келсе, төмендегі нөмірге хабарласыңыз.
Тел: 8700 452 26 …..